Жергілікті скрипкашылар мен Қостанай БММ ішекті аспаптар оқытушылары мен оқушылары Ресейдің қазіргі кездегі басты музыканттарының және педагогтарының бірімен жүзбе-жүз кездесіп, сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болды. 17 мамырда музыка мектебінің кіші залында Мәскеу педагогикалық мемлекеттік университетінің скрипка сыныбының профессоры, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Александр Андреевич Черновпен шығармашылық кездесу өтті.

Александр Чернов П. И. Чайковский ат. Мәскеу мемлекеттік консерваториясын және аспирантура бітірді, ол орыс орындаушылық мектебінің майталмандары – профессорлар, Ресей Федерациясының халық әртістері Б. Кузнецовтан, Д. Цыгановтан білім алды. Музыкант концерттермен бүкіл әлемді дерлік аралап шықты: Франциядағы (Канн, Нант), Германиядағы (Дрезден, Хайдельберг, Брауншвайг), Польшадағы (Варшава, Торунь), Испаниядағы (Мадрид), Италиядағы (Милан, Генуя), Жапониядағы (Токио) және басқа да көптеген елдердегі фестивальдарда болды.

Александр Чернов бароккодан бастап қазіргі кездің композиторларына дейінгі барлық дерлік скрипка музыкасын орындайды. Көптеген ұжымдармен (Композиторлар одағының заманауи музыка ансамблі, «Музыка Вива» камералық оркестрі, Ресей камералық оркестрі, Мәскеу оркестрі) өнер көрсете отырып ол қазіргі заманғы музыканың көптеген шығармаларының (А. Виеру, Я. Ксенакис, Э. Денисов) алғашқы орындаушысы болды.

Александр Чернов өзінің педагогикалық ұстанымдары туралы әңгімелейтін «Искусство игры на скрипке» кітабын баспадан шығаруға дайындалуда.

Қостанайлық әріптестерімен үш сағатқа жуық болған кездесуде Александр Андреевич скрипка шеберлігінің құпияларын, Й. Бахтың, Паганинидің шығармаларын орындау стилінің ерекшеліктерін ашты, скрипка шығармаларының шығу тарихы, мазмұны және оларды автордың жеткізуі туралы әңгімеледі. Алайда ең бастысы жоғарыда айтылған дәлелдерді растай отырып көптеген пьесаларды толығымен немесе олардың үзінділерін ойнауы болды.

Қатысушылар шебердің ойынына дүрілдете қол соғып, қошемет көрсетті, көптеген жағымды әсерлер мен практикалық жұмысқа қажетті көптеген құнды ақпарат алды.