5 шілде күні Қостанай қаласының жағалауында Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік концерт өтті. Қазақстанның қасиетті ұлттық аспабы – домбыраның үнін ұлықтауға 100-ден астам өнерпаз қатысты.
Мерекелік іс-шараға Қостанай қаласы білім бөлімінің №1 Балалар музыка мектебінің домбыра сыныбының оқушылары да зор мақтанышпен қатысты. Концертке дайындық барысында оқушылар «Адай», «Ерке сылқым» және басқа да белгілі қазақ күйлерін меңгеріп, мереке күні оларды ерекше шабытпен орындады.
Қатысушылардың ұлттық киімдері мерекенің сәнін келтіріп, қазақ халқының бай мәдениеті мен салт-дәстүрін айшықтай түсті. Біздің оқушылар дайындыққа да, сахнадағы өнер көрсетуге де үлкен жауапкершілікпен қарап, қалалық іс-шарада мектебіміздің абыройын лайықты қорғады.
Осындай концерттерге қатысу жас музыканттардың орындаушылық шеберлігін шыңдап қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, туған елдің мәдени мұрасын құрметтеуге және оны келер ұрпаққа насихаттауға мүмкіндік береді.
https://dmsh-kst-kz.edugov.kz/kz/zhanaly-tar/2762-dombyra-ly-dalany-ni.html#sigFreeId85a5191db9









