Жаз - балалар үшін шаттық пен қуанышқа толы, күн мен жарыққа малынған кезең. Қазақстанда шілде айы ерекше әсерлі өтеді: Домбыра күні мен сүйікті Астанамыздың туған күні тойланады.

Бұл күндер балалар үшін тек күнтізбедегі белгі ғана емес, шынайы қызыққа толы, дәстүр мен әуен, демалыс пен шаттық араласқан ерекше оқиғаларға айналады.

Қостанай өңірі де бұл ұлттық мерекелерді өзіндік нақышымен, сән - салтанатпен қарсы алады. Музыка, спорт пен шығармашылық арқылы балалар қазақ халқының мәдениетін жақсырақ танып, Отанымен байланысын терең сезіне түседі.

Шілденің басында әр аймақта домбыра үні шарықтайды. Аулаларда, саябақтарда концерттер, шеберлік сабақтары мен жас домбырашыларға арналған байқаулар ұйымдастырылады.

«Музыка мектебінде оқимын. Мұғалім маған домбыраны қалай ұстау керектігін көрсетті. Қазір «Ақсақ құлан» күйін үйреніп жүрмін!», - дейді қостанайлық 8 жасар Әли мақтанышпен.

Көптеген бала үшін Домбыра күні - көне аңыздарды алғаш еститін сәт. Мұғалімдер мен ата - аналар даланың шежіресі күйдің үнінде жатқанын әңгімелейді. Ал кейін балалар қарапайым күйлерді ойнап көреді. Бір - бірімен бауырсақ бөлісіп, мерекелік көңіл - күйге бөленеді.

Шілденің тағы бір жарқын күні - 6 шілде, Қазақстан астанасының туған күні. Бұл күні Астана үлкен балалар мерекесіне айналады: көшелерде шарлармен және аниматорлармен шеру өтеді, қаланың тарихына арналған интерактивті көрмелер ұйымдастырылады, ал кешке қарай көпшілік асыға күтетін отшашулар болады. Бас қаланың әсем келбетіне сүйсінген балалар ертең сәулетші болып, елорданы одан да әдемі етуді армандайды.

Кейбір отбасылар балаларға Астананың заманауи көрнекі жерлерін көрсету үшін арнайы осы күндері жолға шығады: «Бәйтерек», «Нұр Әлем» болашақ мұражайы, «Қазақстан картасы» этносаябағы - бәрі де балалар үшін нағыз таңғажайып әлем.

Ересектер үшін шілде мерекелері - елдің дәстүрі мен жетістіктерін еске алуға себеп болса, балалар үшін әдемі әсерлер, домбыра ішегін алғаш қағу, Астананың аспанында жарқ еткен отшашуға таңдану, достармен бірге күлу және шаттану сәттері. Осындай естеліктер арқылы балалар мәдениетті сүюге, туған елінің шуағын бағалауға үйренеді.

Олардың жүрегінде күнтізбедегі даталар емес, домбыраның еркіндік үні мен ертегіге ұқсаған Астананың сәулесі мәңгілік сақталып қалады.

Евгения СМАГЛЮК,

№1 балалар музыка мектебі

фортепиано пәнінің оқытушысы

Қостанай