Құрметті ата-аналар!

Баланы музыка мектебіне берудің 10 себебін ұсынамыз

 

 

Бала Чебурашканың әндерін айта алмаса да, оның музыканы есту қабілеті болмаса да, пианиноны қоятын жердің жоқтығына, әжесінің баланы «музыкаға» апара алмайтынына қарамастан, баланың ағылшын, испан тіліне, жүзуге, балетке баратындықтан оның мүлдем уақыты жоқ екендігіне қарамастан оны музыкаға үйретудің қажеттігі зор. Бұлардың барлығын жеңіп, баланы музыкаға берудің дәлелді себептері бар және мұны қазіргі ата-аналар білуі тиіс.  

 

 

  1. Аспапта ойнау – бұл дәстүрді жалғастыру. Музыканы ресейлік және еуропалық барлық ақсүйектерге үйретті. Музыкада ойнау – бұл көрікті келбет пен кербездік, сымбат пен сән, зиялы тұлғаға тән танымалдық.
  2. Музыкалық сабақтар ерік пен тәртіпті тәрбиелейді: аспапта тұрақты, үнемі және үздіксіз айналысу керек. Қыста да, жазда да, жұмыс күндері мен мерекелерде де ойнау керек. Спорт залындағы немесе мұз айдынындағы чемпиондардың табандылығы қажет. Бірақ спорттағы кейіпкерлерден айырмашылығы рояльда ойнап отырып мойыныңды, аяғыңды, тіпті қолыңды да сындырып алуға болмайды. Музыка – бұл мінезді жарақат алу қаупінсіз тәрбиелеу.
  3. Музыкамен айналыса отырып бала математикалық қабілеттерін дамытады. Ол қажетті пернелерді дәл баса отырып кеңінен ойлауды үйренеді, музыкалық мәтінді есте сақтай отырып абстрактілі дыбыстық фигураларды басқарады және музыкалық пьесада математикалық дәлелдердегідей ештеңені азайтуға да, қосуға да болмайтынын біледі! Альберт Эйнштейннің скрипкада ойнағаны кездейсоқ емес, ал Оксфордтың физика және математика профессорлары университеттің музыкалық клубы мүшелерінің 70% құрайды.
  4. Музыка мен тіл – бірге туған бауырлар. Олар бірінің артынан бірі дүниеге келді: алдымен үлкені – музыка, содан кейін кішісі – ауызекі сөйлеу және олар біздің миымызда бірге өмір сүруді жалғастырып келеді. Тіркестер мен сөйлемдер, үтірлер мен нүктелер, сұрақтар мен леп музыкада да, сөйлеуде де бар. Аспапта ойнаушылар мен әншілер жақсы сөйлейді және жазады, шетел сөздерін оңай есте сақтайды, грамматиканы тез үйренеді. Музыканы ұнатқан әдебиетшілер Тургенев пен Стендаль, Пастернак пен Толстой, Руссо мен Ролландардың әрқайсысы бірнеше шетел тілін білген және болашақ полиглоттарға музыканы үйренуді ұсынған.
  5. Музыка құрылымы күрделі және өз ішінде бір-біріне сатылай бағынатын құбылыс: үлкен туындылар кішігірім бөліктерге бөлінеді, олар өз кезегінде ұсақ тіркестер мен мотивтерден тұратын шағын тақырыптар мен фрагменттерге бөлінеді. Психологтар кішкентай музыканттар – әйгілі Шиничи Сузукидің шәкірттері музыкалық есту мен есте сақтау қабілеттерін дамытуда жоғары жетістіктерге жете алмаса да, құрылымдық ойлау тұрғысынан өз құрдастарын артта қалдырғанын дәлелдеді. Музыка тікелей компьютер ғылымдарының шыңына алып шығады. Microsoft фирмасының музыкалық білімі бар қызметкерлерге басымдық беруі кездейсоқ болмаса керек.

 

  1. Музыкалық іс-шаралар қарым-қатынас дағдыларын дамытады. Оқу жылдарында бала музыкант байсалды және мейірімді Моцартпен, тәкәппар және жігерлі Прокофьевпен, ақылды және ойшыл Бахпен және басқа да әртүрлі музыкалық тұлғалармен танысады. Музыканы ойнай отырып оған олардың кейпіне енуге, көпшілікке олардың мінезін, сезіну мәнерін, дауысы мен қимылдарын жеткізуге тура келеді. Енді бизнесменнің талантына жетуге бір қадам ғана қалады, ол үшін ең бастысы – адамдармен тіл табыса білу.

 

  1. Музыканттар мейірімді және сонымен қатар батыл жандар. Психологтардың пікірінше, музыкамен айналысатын ер адамдар әйелдер сияқты сезімтал, ал музыкамен айналысатын әйелдердің ер адамдар сияқты рухы берік. Музыка мінезді жұмсартады, бірақ оған жету үшін батыл болу керек.

 

  1. Музыка сабақтары «команда бойынша іске кірісуге» үйретеді. Музыканттар «deadline» – жұмысты тапсыру  мерзімі деген қорқынышты сөзден қорықпайды деуге болады. Музыка мектебінде гаммалар бойынша сынақ пен сынып концертін ертеңге немесе бір аптаға ауыстыруға болмайды. Әртістің сахнадағы жағдайы «тапсырыс бойынша» барынша дайын болуға дағдыландырады және мұндай тәжірибесі бар бала кез келген емтиханнан, жұмысқа қабылдау кезіндегі сұхбаттан және жауапты баяндамадан сүрінбей өтеді. Балалық шақтағы музыкалық іс-шаралар – бұл  өмір бойына қалатын шыдамдылық пен әртістік қасиеттер болып табылады.

 

  1. Музыкалық сабақтар бірден көп нәрсені жасай алатын кішкентай «Цезарьларды» тәрбиелейді. Музыка бір уақытта бірнеше үдерісті басқаруға көмектеседі: парақты оқып тұрған пианиношы бірден бірнеше нәрсені жасайды – өткенді еске алады, болашақты ескереді және осы сәттегі іс-әрекетті бақылауда ұстайды. Музыка өз қарқынымен ойнап жатады, ал парақты оқып тұрған адам оқуды үзе алмайды, демалып, тыныс ала алмайды.

Музыка бірнеше бағытта ойлауға және өмір сүруге үйретеді. Музыкант балаға өмірдің бірнеше жолымен жүру және барлық жерде бірінші келу оңайырақ болады.

 

  1. Музыка – өмірдегі табысқа жетудің ең жақсы жолы. Неліктен? 1-9 тармақтарды қараңыз. Көптеген атақты адамдардың бір кездері музыкамен айналысқаны ешкімді таң қалдырмайды. Кез келген саладағы табысты адамдарға қараңыз, олар балалық шағында аз уақыт болса да, тіпті аса тырыспаса да музыкамен айналысқан жоқ па екен, сұрап көріңізші. Әрине, айналысты. Біздің де олардың шабыт беретін жолымен жүруіміздің 10 себебі бар.

 

Авторы: Кирнарская Дина Константиновна – музыкатанушы, Гнесиндер ат. Ресей музыка академиясының проректоры, музыкалық психолог, профессор, өнертану докторы, психология ғылымдарының докторы; Гнесиндер ат. РМА продюсерлік факультетінің негізін қалаушы және ғылыми жетекшісі (Ресей), «Таланты-XXI век» АБҰ президенті.