2022 ж. 5 мамырында Қызылорда қ. Қорқыт ата ат. университетте «Баланың кешенді дамуы: шығармашылық әлеуетін ашу» Комплексное развитие детей: раскрытие творческого потенциала» тақырыбымен музыка, көркем еңбек және көркем-эстетикалық бағыттағы қосымша білім беру мұғалімдерінің жиыны өтті. Қостанай облысынан делегат ретінде Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Қостанай қаласы білім бөлімінің «№1 балалар музыка мектебі» КМҚК домбыра сыныбы бойынша оқытушысы Әмірова Гүлхауан Сейілханқызы жіберілді.

Жиын шеңберінде 2022 жылғы 5 мамырда Қызылорда қ. «Искусство – модель человеческих эмоций» тақырыбымен көркем-эстетикалық бағыттағы мектептен тыс ұйымдар педагогтарының секциясы өткізілді.

Секцияның мақсаты – үздік білім беру практикаларын таныстыру, мектептен тыс ұйымдар мен педагогтардың кәсіби тәжірибесін ұсыну, қосымша білім беру жүйесінің даму динамикасы, мәселелері, келешегі туралы қоғамдық-кәсіби пікір қалыптастыру.

Секция жұмысына 200-ге жуық адам қатысты. Олардың ішінде Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, мектептен тыс ұйымдар басшыларының үйлестіру кеңестерінің төрағалары, жаңашыл педагогтар мен практик-педагогтар, жеке сектор өкілдері болды.

Секция қонақтары заманауи қосымша білім беру үрдістерімен, жаңашыл педагогикалық идеялардың, бағдарламалар мен білім беру технологияларының авторларымен танысуға мүмкіндік алды.

Секция қатысушылары кәсіби қоғамдастық үшін өзекті тақырыптарды: инклюзивті білім беру – қазіргі заманның сын-тегеуріндері мен өсу нүктелерін, қосымша білім берудегі инновациялық тәжірибелерді, балаларды, оның ішінде ауылдық жерлердегі балаларды көркем-эстетикалық бағыттағы жұмысқа кеңінен тарту талқылады.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Таңатқызы Каринова өзінің құттықтау сөзінде: «Қоғамның білімділік, тәрбиелік және рухани мәдениетінің деңгейі көп жағдайда өскелең ұрпақтың қандай құндылықтарға бағытталатындығына байланысты болады», - деп атап өтті.

Жиын барысында қол жеткізілген нәтижелермен қатар күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселелер де атап өтіліп, оларды шешудің жолдары ұсынылды. Олардың ішінде кадрлар тапшылығын жоюға, заманауи жабдықтар мен құрал-саймандардың, музыкалық аспаптардың қажеттігіне, сапалы Интернет байланысымен қамтамасыз етуге, білім беру бағдарламаларының мазмұнын жаңартуға баса көңіл бөлінді.  

Секцияның барлық қатысушылары бірауыздан барлық оқу-тәрбие жұмысының негізінде жатқан өнер әр балаға қолжетімді болуы тиіс деген басты тезисті қолдады.

Секцияның қорытындысы бойынша ұсынымдар қабылданды.